Төлеби ауданында таңқурай мен бүлдірген өсіретін шаруа қожалығы бар
Төлеби ауданында таңқурай, бүлдірген, құлпынай егу жұмыстары жанданып келеді. Ауданға қарасты Диханкөл ауылындағы «Құдайбақ ата» өндірістік кооперативі 5,3 гектар аумаққа таңқурайдың бірнеше түрін өсіріп, аудан аумағын аталған жидек түрлерімен толық қамтып отыр.
Өндірістік кооперативтің төрайымы Қалима Жанқалованың сөзінше, таңқурай егу - 2016 жылы отбасылық идеядан туындапты. Алдымен әкелі балалы диқандар жидек егетін жерді таңдап, су жинақтағыш жасанды тоған құрылысын жүргізіпті. Осы аралықта «Максимум» қаржы ұйымына бизнес жоспар тапсырып, 14,5 млн теңге несиеге қол жеткізген. Содан кәсібі жанданып, қазір 5 гектар аумаққа таңқурайдың «Поэмат», құлпынайдың «Вибрант», бүлдіргеннің «Полар» түрін өсіріп, аудан аумағын аталған жидек түрлерімен толық қамтып отыр.
ҚАЛИМА ЖАНҚАЛОВА - «ҚҰДАЙБАҚАТА» ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ - 2016 жылы үлкен ұл мен папасы ақылдасып, малинаны танкурайды көрейік қалай болады екен деп. Бұл жаққа бұл өте жаңалық қой. Ондай нәрсе егілмеген. Соны көрейік деп «РИЦ Оңтүстік» қорынан 14,5 млн кредит алып, осы жұмысты бастаған. Соның арасында дайындық жұмыстары жүргізілді. Су жинақтағыш салынды. Жер дайындалып, керекті тыңайтқыштар алынды. Қоршалды 9 гектар жер бұл жерде.
Дәмі тіл үйіретін жидектерге деген тұтынушылар саны да күн санап артуда дейді шаруалар. Сондықтан, өнімді алқап басынан алып кетушілер де толастамай отыр екен. Өткен жылы 4 тонна өнім алған қожалық биылғы қант тапшылығының салдарынан қиындықтар туындағанын да жасырмады.
ҚАЛИМА ЖАНҚАЛОВА - «ҚҰДАЙБАҚАТА» ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ - Былтыр 4 тонна алдық. Биылдың өзінде қазір 5,5 тонна алып қойдық. Польшаның сорты ғой. Димантанная молина дейді. Бұл салады да қайтып гүлдеп қайтып сала береді. Бірінші қар жауғанша. Енді қаржауғанша бір-екі тонна алсақ па деп отырмыз. Биыл қанттың тапшылығына байланысты сұраныс сәл азайды. Десек те, көтерме саудадағы клиенттеріміз әкетіп тұрды. Біз енді оларға бағасын сәл төмендеу бердік. Негізі өзіміздің клиенттеріміз жеткілікті.
Қазіргі кезде бағбандар кооператив иелігіне егілген жидектерді теру жұмыстарын жүргізуде. Күзгі жиын-терім жұмыстарына диқанкөлдік 20-ға жуық жұмысшы тартылыпты. Солардың бірі – Наргиза Байзақова.
НАРГИЗА БАЙЗАҚОВА - ЖҰМЫСШЫ - Осы жерде жұмыс істеймін, таңқурай тереміз. Бір күнде 15-20 келі теремін. Жұмысымыз жақсы, көктемнен күзге дейін істейміз. Күнделікті ақшамызды тауып балашаға бағып жатырымыз. Таңқурай өте пайдалы нәрсе.
Таңқурай мен құлпынайға таулы өңірдің салқыны майдай жағады дейді бағбандар. Бірақ нәзік көшеттерді көктемгі үсік шалудан сақтау өте қиын екен. Мәселен өткен жылы жидек бауы өнімді өте аз беріпті. Өйткені оған көктемнің салқын, жаздың аптап болғаны себеп. Осы және өзге де қиындықтарды бастан кешіріп отырған қожалыққа жергілікті әкімдік те әрқашан қолдау көрсетіп отырады екен.
ЕРЖІГІТ ӘДІЛБАЕВ - ҚОҒАЛЫ АУЫЛ ОКРУГІ ӘКІМДІГІНІҢ БАС МАМАН ЖЕР ИНСПЕКТОРЫ - Бұл өнідірістік қожалық таңқурай егеді. Ерекше егістіктердің бірі десек те, болады. Және бұл өндірістік қожалық 2016 жылы егістікті бастаған. Осы уақытқа дейін жылына 5 тонна, 7 тоннадан өнім алып келеді.
Жалпы таңқурай, құлпынай мен бүлдірген өте кірпияз өсімдік түрлеріне жатады. Сондықтан күтіп, баптауды да көп талап етеді. Пайдалы әрі дәмді болғанына қарай аталған жидектерді кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін сүйіп жейді. Содан болса, керек Диқанкөлде өсетін элиталық жидектерге деген сұраныс та толастамайды. Бағасы да мың теңгеден төмендемейді екен.