3 жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастар саны 2,5 есеге артқан

178
03.10.2022 04:16

Есірткіге еліккен жастарға ел болашағын сеніп тапсыруға болама? Соңғы үш жылдың өзінде республикамызда синтетикалық есірткіге тәуелділер саны екі жарым есеге артқан. Яғни, әрбір бесінші қазақстандық азамат нашақорлықтың торына түсіп отыр. Мәселенің тоқтамын табу мәжіліс отырысында да талқыға түсті. Алайда, атқамінерлер қолдан келер шараның барлығын жасап жатырмыз, бірақ, есірткіні серік еткендер күннен-күнге көбейіп барады дейді. 

2019 жылдан бері есірткі тасымалдаушыларға қатаң жаза белгіленген. Оларды 5 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сондай-ақ, елімізде бірнеше наркозертхана, притондар анықталып, 105 килограмнан астам синтетика тәркіленген. Оның бағасы 2 млрд теңгеден асады. Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осы бағытта министрлікте арнайы жұмыс тобы 2019 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Олар күндіз-түні бақылау қызметтерін іске асырып, әрі қарай Ішкі істер министрлігіне тапсырады.