Қазақстанда 1,5 мың сотталушыға рақымшылық жасалуы мүмкін
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты кең ауқымды рақымшылық жасау жоспарланып отыр. Бүгін Мәжіліс бұл заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын таныстырып, құжаттың негізгі нормаларын түсіндірді. Мемлекет басшысы биылғы жылдың 17 наурызында қылмыстық және әкімшілік рақымшылық өткізілетінін жариялаған. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында Үкімет пен депутаттар бірлесіп арнайы заң жобасын әзірлеген. Депутат рақымшылыққа ілінген адамның қайта қылмыс жасауы өте сирек кездесетін атап өтті.
АБЗАЛ ҚҰСПАН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Тәуелсіздік алғаннан бері бұл – 11-ші рақымшылық. Рақымшылыққа іліккен адамның қайта қылмыс жасауы өте сирек кездеседі. Мысалы, былтыр Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа 15 мың адам ілінді. Соның тек сегізі ғана кейін қайта қылмыспен көзге түсті.
Рақымшылық жасау туралы заң жобасы аясында биыл 15 мың сотталушының жазасы жеңілдейді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков мәлім етті. Сондай-ақ былтырғы рақымшылық аясында 15 мың сотталушының жазаны өтеу мерзімі қысқарып, біразы абақтыдан босатылғанын еске салды.
АБАЙ ҚАЙЫРБЕКОВ ҚР ІІМ ОРЫНБАСАРЫ, ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Биылғы жылы да алдын ала санаулар бойынша 15 мың сотталғанға қылмыстық рақымшылық жасауға жатады. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, 10 мыңы пробациялық бақылаудағы сотталғандар. Былтырғы рақымшылық актісіне сәйкес, 2,3 мың адам жазасын өтеу орындарынан босатылған.