«2022-09-13» бойынша іздеу нәтижесі

Қазығұртта жолда қабылдау акциясы өтті

Қазығұртық полицейлер екі күнде  200-ге жуық тұрғынды жолда қабылдап, өтініштеріне құлақ асты.  Кей мәселелер тіпті сол жерде шешімін тапты. Қабылдауды аудандық полицияның бөлімі бастықтары жүргізіп, тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді.

Екі күн бойы аудан тұрғындары мен қонақтары жол қауіпсіздігі мен көші-қон заңнамасына қатысты сұрақтар бойынша мамандардан кеңес алды. Одан бөлек ауылдағы ағайын өздерін алаңдатқан мәселелерді құзырлы орган өкілдеріне жеткізіп қалуға тырысты. Мәселен жол қауіпсіздігі, мал ұрлығының алдын алу, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтардың санын көбейту сынды түйіткілдер кезек күттірмей шешілуі тиіс дейді олар. Көптің көкейінде қордаланған сауалдарды арқалай келген азаматтардың бірі Жігерген аулының тұрғыны Балтабай Жүнісов. 

Тәртіп сақшылары  жол бойынан өткен көліктерді тоқтатып, көлік тізгіндеген әрбір азамат өз өміріне ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты екенін есіне салды. Полицейлердің айтуынша бұл ережені елемей Жылдамдықты шамадан тыс асыратындардың басым бөлігі – сол жолаушы тасымалдаушылар.  

Сондай-ақ Акция барысында автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу,  автокөліктерге қосымша бөлшектер орнату және әкімшілік айыппұлдарды төлеу жөніндегі құқықтық кеңес берді. Мақсат азаматтардың полицияға деген сенімдерін арттыру дейді ұйымдастырушылар. Олар жол-көлік оқиғасының алдын алуға  осындай акциялардың сеп боларына сенімді. Сондықтан мұндай акциялардың аудан аумағында жиі өткізіліп отыратындығын да атап өтті.

 

Бүгін жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің күні

ҚР жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің күні. Бұл мереке биыл Тұңғыш рет аталып өтті. Әскери органдар кеңес дәуірінен қалған 8 сәуір күнін емес, 12-і қыркүйекті мейрам ретінде тойлайды. Оған себеп те жоқ емес. 1991 жылдың нақ осы күні Қазақ КСР әскери комиссариаты республикалық орган мәртебесін алған. Осыған орай, Түркістанда қорғаныс істері жөніндегі облыстық департамент қызметкерлері және ардагерлері мерекелік концертке жиналды.

Осыған дейін қорғаныс істері жөніндегі жергілікті органдар Кеңес Одағы кезіндегі революциялық-әскери кеңес құрылу күнін тойлап келген екен. Енді бұл олқылықтың да орны толды. Алғаш рет бүкіл Қазақстанда Қорғаныс Министрі Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен бұл кәсіби дата аталып өтті. Азамат соғысынан бері 100 жылдан астам уақыт тойланған атаулы дата тәуелсіздіктік төл мерекесіне алмастырылуы дұрыс қадам деп санайды әскери комиссариат өкілдері. Бүгінгі мерекелік шарада департамент пен аудандық басқармалар қызметкерлері қорғаныс министрлігі бас штабы басшысының медальдарымен марапатталды. Кейбірі, тіпті, кезекті әскери шенін да алды.

ЖАНДОС КҮЛДЕРБАЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - Осы әскер типтерінде әскери құрылымдар болып бөлінеді. Жергілікті басқару органдары соның бірі болып саналады. Жергілікті әскери басқару органдарының күні бөлек тойланғаны жақсы. Себебі, департамент, басқарма мен бөлімдердің еңбектері ерен. барлық әскери адам әскерге барғаннан бастап, зейнетке шыққанға дейін осында келеді. 

Қорғаныс министрлігіне тиесілі 14 қызметтің 10-ы дәл осы қорғаныс істері жөніндегі жергілікті органдарда көрсетіледі. Халық арасында военкомат аталып кеткен бұл мекеменің негізгі міндеті 18-бен 27 жас аралығындағы ер азаматтарды әскерге шақыру. Өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізуді көздейтін  Жас сарбаз» қозғалысы да дәл осы қорғаныс істері жөніндегі департаменттер құзырында. Мәселен, Аружан Шекербек мектеп кезінен-ақ, қорғаныс департаментін жағалап, жас сарбаз ұйымының белді мүшесіне айналды. 

АРУЖАН ШЕКЕРБЕК - «ЖАС САРБАЗ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ - Мектеп кезінен 10 сыныптан бастап, осы әскери-патриоттық жарыстарға, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстарға қатысып жүрдім. Автоматты толық емес жинау, жалпы қорғаныс тұлыбын кию секілді сайыстардан үздік марапаттарға ие болып жүрдім. 

Айта кетер жайт, биыл Қазақстанда әскерге 18 мың жасөспірімді жөнелту жоспарланған. Олардың 8 мыңы Қарулы Күштерге, 5 мыңы Ұлттық Ұланға және 3 мыңы Шекара Қызметінде әскери борышын өтеуге аттанбақ. Түркістан облысы болса, ел бойынша ең көп 4000 жас жауынгерлерді әскерге аттандырады.

 

 

Абай облысындағы өрт толықтай сөндірілді

Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күн қатарынан болған өрт толықтай сөндірілді.  Атап айтсақ, Катонқарағай ауданы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде шыққан өрт 1900 гектарға таралған еді. Күршім ауданында қызыл жалын 1800 гектарға дейін жеткен. Отпен күреске құтқарушылар, орманшылар, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен полиция қызметкерлерінің қатарынан 255 адам мен 29 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, Құйған ауылдық округінің аумағындағы тілсіз жау 2 мың гектар аумаққа жайылып, бүгін  ауыздықталды. Ал, Алтай ауданындағы бұта мен шөпті шарпыған 2400 гектарған тараған өрттің беті әлі қайтар емес. Әзірге елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ.Бүгінде ол жерде 207 адам мен 29 техника жұмыс істеп жатыр. Еске сала кетейік, алапат өрт Шығыс Қазақстан облысында 2-қыркүйекте басталған болатын.  

Түркістанда азық-түлік жәрменкесі өтті

Нан бағасы 70-теңге.  Бүгін Түркістандағы жәрмеңкеде ас атасының құны осындай бағада саудаланды. Жәрмеңкеге келушілердің саны көп. Олар арзан бағаға қажетті азық түлік сатып алды. Шараны ұйымдастырушылар жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасын табады дейді. Осылайша алдағы екі бойы қала тұрғындары экологиялық таза, табиғи азық-түлікті арзан бағамен сатып ала алады.

Негізі Түркістанда дүйсенбі күні бүкіл базар жұмыс істемейді. Ал, бүгін Алтын бұлақ базары өз келушілеріне есігін айқара ашты. Біраз, қымбатшылықтан қысылған халық күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды алып қалуға тырысты. 

Қарақұрым халықтың жәрмеңкені сағынып қалғаны көрініп ақ тұр. Оған бағалардың арзандығы сеп болса керек.Мәселен, картоп 110, пияз 60, сәбіз 120-тг-ден саудаланды. Ал қырыққабаттың бағасы 60 тг.    

Биыл ел арасында құмшекер  таусылып қалады екен деген әңгіме тарап тәттінің  бағасы бірден қымбаттап кетті. Содан дүкендерде дүрбелең басталды. Ал, бүгін базарда қанттың бағасы 15-20 пайызға арзан бағаға саудаланды. Қаптап ала алмағандар келілеп алуына мүмкіндік жасалды. Көпшіліктің көңілінен шығып тұрғындар алғыстарын білдірді.

Санаулы уақытта өнімдердің біразы сатылып кетті. Ұйымдастырушылар халық жиі тұтынатын тауарларды келесі аптада көптеп алып келуді жоспарлап отыр.  Айта кетейік, мұндай шара  аталмыш базарда соңғы төрт-бес жылда болмапты. Айта кетсем, жәрмеңке қарашаның ортасына дейін әр дүйсенбі сайын өтетін болады.

 

Түркістанда тұрғын үй жәрменкесі өтті

Баспананың құны шарықтап тұрғанда, кез-келген адам үйлі болуды қалтасы көтере бермейтіні айқын. Алайда, «Отбасы банк» арқылы алғашқы жарна құйып жаңа пәтер алуға мүмкіндіктер жетерлік. Ол үшін не істеу қажет? Жаңа баспананың кілтін оңай әрі тез алу үшін қандай құжаттар жинау керек? Бұл сұрақтардың жауабын Түркістандықтар «Отбасы банк» ұйымдастырған баспана жәрмеңкесінен тапты. 

Жомарт Айтов әскери қызметкер. Мемлекеттің тыныштығын қорғап жүрген азамат отбасымен жалдамалы пәтерде тұрады. Бүгінгі жәрмеңкенің арқасында ол, әскери қызметшілерге арналған жеңілдетілген бағдарламалар бар екенін білген. 

ЖОМАРТ АЙТОВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ - Үйлерді аралап көрдім. Сапасы өзіме қатты ұнады...

Бүгінгі жәрмеңкеге Жомарт секілді жүзден аса тұрғын қатысты. Барлығының арманы баспаналы болу. Ол үшін үй кезегіне тіркеліп, атыңызға жазылған баспананың жоқ екендігін дәлелдейтін құжаттарды жинауыңыз қажет. Шара ұйымдастырушылары «біздің мақсат, әртүрлі типтегі жандарға баспананы қалай алу керек екендігін түсіндіру» - диді.

ДӘУРЕН МЫРЗАТАЕВ – «OTBASY BANK» АҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ  - Негізі, көпшілік адамдарды біздің акцияларымызды білмей жатады. Сол үшін бүгін қызметкерлеріміз ашық аспан астында кеңес беруде...

Баспана жәрмеңкесіне қала тұрғындарынан бөлек, мердігер компаниялар да қатысты. Олар, өздері салған тұрғын үйлерді халыққа жарнамалап, бос пәтерлерін ашық сатылымға шығаруға мүмкіндік алды. 

ӘМІР НҰРМҰХАНОВ – «BATSU» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ - Бізде дәл қазір бос пәтерлер көп. Қарапайым халыққа тиімді болу үшін арзан бағада сатып жатырмыз...

Іс-шара қала халқы көптеп жиналатын «Жібек жолы» саябағында өтті. Жәрмеңке барысында «отбасы банк» қызметкерлері флешмоб билеп, келген тұрғындардың көңіл-күйін көтерді.

 

Сапалы ғаламтормен қамтылған ауылдар саны артты

"Әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынып, жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуы тиіс". Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгінгі аппарат жиналысында осылай деді. Биыл облыс бойынша 152 елді мекенді интернетпен қамту жоспарланған. Алайда, 9 айдың ішінде небәрі 51 ауылға интернет тартылыпты. Соған қарамастан мамандар облыс тұрғындары ғаламторға қиналмай еркін кіріп-шыға алады деп әкімді сендіруге тырысты. Жоспарға сай қалған, 101 елді мекенді 4 айдың ішінде қамтып бітеміз деді. Ғаламтор мәселесі облыс әкімінің тұрғындармен кездеуінде де аз айтылып жүрген жоқ.  Сондықтан облыс басшысы жыл соңына дейін 100-ден астам елді мекен ғаламтор және байланыспен толық қамтылуы тиіс деп тапсырма берді. 

Былтыр облыс бойынша 82 елді мекен интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосылған. Қазір онда тұратын 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет пайдаланып жатыр-дейді мамандар. Олардың сөзіне сүйенсек, облыстағы 838 елді мекеннің 642-сінде интернет қолжетімді. Демек, онда тұратын 1 753 012 тұрғын интернеттен қиналып жатқан жоқ. 

ЕЛНҰР ӨТЕБАЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «250+» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 129 елді мекенде мобильдік интернет сапасы артқан. МЖӘ жобасы аясында 376 елді мекен талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді. Қазақстанда алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикасын пайдалану іске асырылды.

441 129 оқушы 3G және 4G мобильді желісіне қосылған. Ал, 123 ауылдағы 63 мыңға жуық шәкірт 2G мобильді желісін қолданады. Кейбір аймақтарда ғаламтор сапасы мүлдем нашар. Сондықтан әкімнің халықпен кездесуінде тұрғындар айтқан шағымының көбі осыған қатысты.  Ғаламтор және цифрландыру мәселесі өте өзекті екенін айтқан облыс басшысы бұл істі ширату керектігін ескертті. 

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ - Әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынып, жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуы тиіс. Жыл соңына дейін жоспардағы 100-ден астам елді мекенді интернетпен қамту жұмыстары толық атқарылсын.

Сондай-ақ, аппарат отырысында биылғы бюджеттің игерілуі мәселесі де сөз болды. Қыркүйек айына дейінгі кіріс 118,7 млрд. теңге болады деп болжанған. Іс жүзінде 100 млрд. 

Қолына берген қаржыны дұрыс пайдалана алмаған  басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері облыс әкімінің сын садағына ілінді. Оларға өңір  басшысы  бюджетті әу баста дұрыс жоспарлап, конкурстарды уақтылы игеру керектігін айтты.

 

Министр интернет сапасын тик-ток түсіретін балалар санының артуымен түсіндірді

Үкімет кулуарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет сапасы сын көтермейтін ауылдық жерлердің мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Turkistanzaman BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Өздеріңізде білетін боларсыздар, 50 шақты тұрғындары бар жерлерге интернет тарту ол миллиардтаған шығынға алып келеді. Оған көп қаражат керек. Біз 250+ атты бағдарлама жасадық. Сол жобамызды толыққанды жүзеге асырдық. Алайда, оның сапасын жақсарту керек екенін былтыр өзім де мойындадым. 768 интернет сапасы төмен аймақтарды айқындадық. Оның 600-нің сапасын көтердік. Осылайша, біз жоспармен келе жатырмыз, - деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Министрдің айтуынша, жергілікті әкімдіктер  заңға сәйкес, елді мекенінде желілерді тартуға қаражат бөле алатын құзыреті бар.

Тек жаман жағын айтып қоймай, жақсы жағында атап өткен жөн. Қазіргі таңда Instagram, Tik-Tok секілді әлеуметтік желілерде ауылдық аумақтарда тұратын балалардың аккаунттары көбейіп жатыр. Бізге есеп ретінде берілген кезде ауылдық аймақтардағы балалардың аккаунттарының ұлғайып келе жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, суы мен газы жоқ жерлер де бар. Байланыс саласы сондай. Құбырды тарту үшін қанша қаражат керек болса, байланыс үшін де сондай қаражат кетеді. Сондықтан биыл әкімдіктерде заңға сәйкес, желілерді тартуға қаражат бөле алатын құзыреті бар, - дейді Бағдат Мусин. 

 

 

Елдегі жылдық инфляция 16%-дан асып кетті

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында инфляцияның артқанына алаңдаушылық білдірді. Сөзінше, 8 айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 16%-дан асып кеткен, деп хабарлайды Turkistanzaman Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов 8 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштер Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өскенін айтты.

“Барлық әкімдіктер өңір экономикасының өсу қарқынын төмендетпеуі керек. Сонымен қатар тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-дан асып кетті", – деді ол.

Үкімет басшысы барлық жауапты басшыларға бағаны тұрақтандыру жұмысын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

"Өңір әкімдіктері мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдері өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейту қажет", – деді премьер-министр.

 

Заң жобасына енгізілді

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай елорданы Астана деп қайта атау туралы ұсынысқа түсінік берді, деп хабарлайды Turkistanzaman Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдіргені мәлім. Депутаттардың бұл бастамасы туралы Президент хабардар. Халық қалаулылары, өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтініштеріне сүйенді. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді”, – делінген Желдібайдың жазбасында. 

Сондай-ақ ол президенттің Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә. Назарбаевтың шешуші рөл атқарғаны тарихи факт деп санайтынын айтты. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа да нысандар өз атауларын сақтап қалуы тиіс, деп жазды ол. 

Айта кетсек, мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобының атынан Астана атауын қайтаруға шақырған болатын. 

“Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол – елорданың атын қайта қайтару. Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді”, – деген болатын депутаттар. 

 

Алаяқтар жүргізуші куәлігін жасап беремін деген желеумен Түлкібас тұрғынына 3 несие рәсімдеген

Алаяқтар Түлкібас тұрғынын жүргізуші куәлігін жасап беремін деп алдап, оның атына 3 несие рәсімдеген, деп хабарлайды Turkistanzaman ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға Түлкібас ауданында болған. Күдікті ер адам жәбірленушінің сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтқан. Содан, 250 000 теңге ақшасы мен жеке куәлігін алып кеткен. Арада біршама уақыт өткенде жәбірленушінің атынан 3 несие рәсімдеп, 3 млн теңгеге жуық шығын келтірген.

«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бабы бойынша тіркеуге алынды. Осы оқиғаға қатысы бар бұрын сотты болған жергілікті тұрғын анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» - деді Түркістан облысы порлиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.

Білім басқармалары басшыларының телефон нөмірлері жарияланды

Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық өңіріндегі білім басқармалары басшыларының ұялы телефондары мен әлеуметтік желідегі аккаунттарын жариялады. Сондай-ақ орынбасарларының нөмірлері да көрсетілген, деп хабарлайды Turkistanzaman BAQ.KZ сілтеме жасап.

Бұл азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мақсатында жарияланып отыр.

«Білім беру ұйымдарының жұмысына, балаларды оқытуға және басқа да мәселелерге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда қазақстандықтар білім басқармалары мен аумақтық бөлімдердің басшыларына тікелей хабарласа алады. Ата-аналар, педагогтер білім саласындағы проблемалар жайында хабарлай алады. Басшылар азаматтардың өтініштеріне жедел ден қойып, қажетті шешімдерді уақытында қабылдауы қажет. Қаржыландыру, құрылыс, жөндеу жұмыстары әкімдіктердің құзырында екенін естеріңізге сала кетейін», - деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар білім басқармаларында call-орталықтар құрылды. Оған да азаматтар білім беру мәселелері бойынша жүгіне алады. Call-орталықтардың нөмірлері әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарияланған.

Келер жылы грант ақшасы студенттің шотына тікелей аударылады

Келесі жылдап  бастап грантқа ие болған студенттің оқу ақысы мен шәкіртақысы арнайы шотқа тікелей аударылады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды Turkistanzaman BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, аталған жоба бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатыр.

Келесі жылдан бастап, отбасылық әмиян енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында тиісті ақпарат берілді. Енді әр студент грант ақшасы мен стипендиясын сол цифрлық әмиян арқылы алады. Енді біз жоғары оқу орындарына ақшаны бөлмейміз. Студенттер өз ақшасымен университетке барады, - деді министр Үкімет кулуарында.

Саясат Нұрбектың атап өтуінше, цифрлық әмиян жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау әрі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлесіп жүзеге асырады.

Әр отбасының өзінің арнайы шоты болады. Оны эскроу шот деп атаймыз. Оған түскен ақша тек денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет немесе білім беру қызметтеріне жұмсалады. Біз электронды әмиянның іске қосылғанын күтіп отырмыз. Қазір министрліктің заңнамалық базасын өзгертіп жатырмыз. Жоба іске қосылса, жоғары оқу орындарына ақшаны тікелей аудармаймыз. Студент оқу ақысымен бірге университетке барады әрі стипендиясын аталған шотынан алып тұрады, - дейді ведомство басшысы.

 

Рим папасы отырған ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына келіп қонды

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келе жатқан Рим Папасы Францисктің әуе борты елорда әуежайына қонды, деп хабарлайды Turkistanzaman Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“Қадірлі қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алады”, - деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.

ITA Airways AZ4000 рейсі елорда әуежайына сағат 17.18-де қонды. Бұған дейін Рим Папасы Франциск Рим-Фиумицино әуежайынан жергілікті уақыт бойынша 7:15-те ұшқаны белгілі болған.

Еске салайық, Рим Папасы Қазақстанға үш күндік мемлекеттік сапармен 13-15 қыркүйек аралығында келеді. Бағдарламаға сәйкес ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездеседі, Әлемдік және дәстүрлі мемлекеттер көшбасшыларының VII съезінің ашылуы мен пленарлық отырысына қатысады. Діндар және басқа да кейбір діни жетекшілермен бірқатар кездесулер, Қазақстанның астанасына келетін қажыларды қоса алғанда, ондаған мың католиктік сенушілер үшін дұға ету (қасиетті месса) өткізеді.

2022 жылдың сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізді. Бұдан кейін оның Қазақстанға ресми сапармен келетіні расталды.

Дәрігер кімдерге дәрумен ішуге болмайтынын айтты

Дәрумендер кейбір ауруларды асқындырып жіберуі мүмкін. Дәрігер-гастроэнтеролог, медицина ғылымдарының кандидаты Ирина Бережная Sputnik радиосына берген сұхбатында қай кезде дәрумен қабылдауға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Turkistanzaman Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Күзде көптеген адамдар иммунитетті нығайту үшін дәрумендер мен минералды кешендерді пайдаланады. Бірақ мұндай өнімдерді алмас бұрын дәрігермен кеңескен дұрыс. Гастроэнтерологтың айтуынша, дәрімендердің қарсы көрсеткіштері бар және әр адам оны білуі тиіс.

"Егер асқазан-ішек жолында қабыну болса, оған дәрумен қабылдауға болмайды. Өйткені олар қабынуды асқындырып, ішекті тітіркендіруі мүмкін. Асқазанда ойық жаралар байқалса да, дәрумен тағайындамайды. Өйткені ойық жара хеликобактер инфекциясынан туындайды, ал хеликобактер – бұл бактерия. Дәрумендер, керісінше, бактерияның өмір сүруіне ықпал жасап, оларды көбейтеді. Сондықтан алдымен ауруды емдейміз, содан кейін дәрігердің нұсқауы бойынша дәрумендер курсын қабылдауға болады", – деді Ирина Бережная.

Астана атауын қайтару үшін қосымша қаражат қажет болмайды

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік органдар бюджеті департаментінің директоры Светлана Кучерова елордаға Астана атауын қайтаруға қатысты қосымша шығындар болмайтынын айтты, деп хабарлайды Turkistanzaman ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Елорданың атауын өзгерту бойынша тоқталсақ, орталық мемлекеттік органдарда ғимарат маңдайшасындағы жазулар ауыстырылады. Бұл жұмыстар жыл сайын ғимараттарды күтіп ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бланкі өнімдерін өзгерту қажет болады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда электрондық құжат айналым бар екенін ескерсек, бланкілерді басып шығаруға қомақты қаражат керек болмайды», - деді департемент басшысы.

Оның айтуынша, бұл шығындарды бұған дейін қарастырылған қаражат сомасында іске асыруға болады.

«Елорда атауы жазылған нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізу қосымша шығындарды қажет етпейді», - деді Светлана Кучерова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, депутаттардың елордаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді.

 

Шымкентте Біріккен Араб Әмірліктерінің бас консулдығы ашылады

Шымкент қаласында Араб Әмірліктерінің бас консулдығы ашылады, деп хабарлайды  turkistanzaman  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Шымкент қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатында мәлім еткендей, аталған мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігмен және БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігімен бірлесе жүргізілмек.

Ерлан Қыдыровтың сөзінше, Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын насихаттау, туристік әлеуетін таныстыру мақсатында сыртқы байланыстарды дамытудың маңызы зор. Осы ретте, шетелдік дипломатия өкілдерімен және компаниялармен де біршама нәтижелі кездесулер өткен. Қазіргі таңда Шымкент 10 қаламен бауырлас қатынас орнатса, жыл соңына дейін қосымша 7 қаламен ынтымақтастық құру жоспарланған. Оның ішінде Қытайдың Далянь және Сиянь, Италияның Генуя қаласы, Әзербайжанның Гянджа қаласы, Литваның Каунас қаласы, Болгарияның Пловдив қаласы, Татарстанның Қазан қалалары бар.

«Бірінші жартыжылдықта Наурыз және Қала күні сияқты мерекелер аясында «ДәмДәсTour», «Балмұздақ фест» гастрономиялық фестивальдерінен тұратын оқиғалар қатарын қалыптастыруға баса назар аударсақ, ал күзде талантты жастар мен туристік бизнесті қолдау үшін имидждік іс-шаралар құруда үлкен жоспарларымыз бар. Осы кезеңде «Shymkent Mobilography Fest» фестивалін, «Shymkent Tourism Awards» конкурсын, цитадельде лазерлік шоу, қолөнершілерді қолдау аясында «Этно Шымкент» фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді басқарма басшысы.

Биылғы алты айда Шымкент қаласына сапарлаған туристер саны 216 249 адамды құраған. Ал «экспресс-статистикалық» ақпаратқа сәйкес 9 айда шаһарға 300 мыңға жуық турист келетіні күтіліп отыр. Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр.