Қазығұртық полицейлер екі күнде 200-ге жуық тұрғынды жолда қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Кей мәселелер тіпті сол жерде шешімін тапты. Қабылдауды аудандық полицияның бөлімі бастықтары жүргізіп, тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді.
Екі күн бойы аудан тұрғындары мен қонақтары жол қауіпсіздігі мен көші-қон заңнамасына қатысты сұрақтар бойынша мамандардан кеңес алды. Одан бөлек ауылдағы ағайын өздерін алаңдатқан мәселелерді құзырлы орган өкілдеріне жеткізіп қалуға тырысты. Мәселен жол қауіпсіздігі, мал ұрлығының алдын алу, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтардың санын көбейту сынды түйіткілдер кезек күттірмей шешілуі тиіс дейді олар. Көптің көкейінде қордаланған сауалдарды арқалай келген азаматтардың бірі Жігерген аулының тұрғыны Балтабай Жүнісов.
Тәртіп сақшылары жол бойынан өткен көліктерді тоқтатып, көлік тізгіндеген әрбір азамат өз өміріне ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапты екенін есіне салды. Полицейлердің айтуынша бұл ережені елемей Жылдамдықты шамадан тыс асыратындардың басым бөлігі – сол жолаушы тасымалдаушылар.
Сондай-ақ Акция барысында автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, автокөліктерге қосымша бөлшектер орнату және әкімшілік айыппұлдарды төлеу жөніндегі құқықтық кеңес берді. Мақсат азаматтардың полицияға деген сенімдерін арттыру дейді ұйымдастырушылар. Олар жол-көлік оқиғасының алдын алуға осындай акциялардың сеп боларына сенімді. Сондықтан мұндай акциялардың аудан аумағында жиі өткізіліп отыратындығын да атап өтті.
️