"Әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынып, жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуы тиіс". Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгінгі аппарат жиналысында осылай деді. Биыл облыс бойынша 152 елді мекенді интернетпен қамту жоспарланған. Алайда, 9 айдың ішінде небәрі 51 ауылға интернет тартылыпты. Соған қарамастан мамандар облыс тұрғындары ғаламторға қиналмай еркін кіріп-шыға алады деп әкімді сендіруге тырысты. Жоспарға сай қалған, 101 елді мекенді 4 айдың ішінде қамтып бітеміз деді. Ғаламтор мәселесі облыс әкімінің тұрғындармен кездеуінде де аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан облыс басшысы жыл соңына дейін 100-ден астам елді мекен ғаламтор және байланыспен толық қамтылуы тиіс деп тапсырма берді.
Былтыр облыс бойынша 82 елді мекен интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосылған. Қазір онда тұратын 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет пайдаланып жатыр-дейді мамандар. Олардың сөзіне сүйенсек, облыстағы 838 елді мекеннің 642-сінде интернет қолжетімді. Демек, онда тұратын 1 753 012 тұрғын интернеттен қиналып жатқан жоқ.
ЕЛНҰР ӨТЕБАЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «250+» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 129 елді мекенде мобильдік интернет сапасы артқан. МЖӘ жобасы аясында 376 елді мекен талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді. Қазақстанда алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикасын пайдалану іске асырылды.
441 129 оқушы 3G және 4G мобильді желісіне қосылған. Ал, 123 ауылдағы 63 мыңға жуық шәкірт 2G мобильді желісін қолданады. Кейбір аймақтарда ғаламтор сапасы мүлдем нашар. Сондықтан әкімнің халықпен кездесуінде тұрғындар айтқан шағымының көбі осыған қатысты. Ғаламтор және цифрландыру мәселесі өте өзекті екенін айтқан облыс басшысы бұл істі ширату керектігін ескертті.
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ - Әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынып, жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуы тиіс. Жыл соңына дейін жоспардағы 100-ден астам елді мекенді интернетпен қамту жұмыстары толық атқарылсын.
Сондай-ақ, аппарат отырысында биылғы бюджеттің игерілуі мәселесі де сөз болды. Қыркүйек айына дейінгі кіріс 118,7 млрд. теңге болады деп болжанған. Іс жүзінде 100 млрд.
Қолына берген қаржыны дұрыс пайдалана алмаған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері облыс әкімінің сын садағына ілінді. Оларға өңір басшысы бюджетті әу баста дұрыс жоспарлап, конкурстарды уақтылы игеру керектігін айтты.
️