ҚР жергілікті әскери басқару органдары қызметкерлерінің күні. Бұл мереке биыл Тұңғыш рет аталып өтті. Әскери органдар кеңес дәуірінен қалған 8 сәуір күнін емес, 12-і қыркүйекті мейрам ретінде тойлайды. Оған себеп те жоқ емес. 1991 жылдың нақ осы күні Қазақ КСР әскери комиссариаты республикалық орган мәртебесін алған. Осыған орай, Түркістанда қорғаныс істері жөніндегі облыстық департамент қызметкерлері және ардагерлері мерекелік концертке жиналды.
Осыған дейін қорғаныс істері жөніндегі жергілікті органдар Кеңес Одағы кезіндегі революциялық-әскери кеңес құрылу күнін тойлап келген екен. Енді бұл олқылықтың да орны толды. Алғаш рет бүкіл Қазақстанда Қорғаныс Министрі Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен бұл кәсіби дата аталып өтті. Азамат соғысынан бері 100 жылдан астам уақыт тойланған атаулы дата тәуелсіздіктік төл мерекесіне алмастырылуы дұрыс қадам деп санайды әскери комиссариат өкілдері. Бүгінгі мерекелік шарада департамент пен аудандық басқармалар қызметкерлері қорғаныс министрлігі бас штабы басшысының медальдарымен марапатталды. Кейбірі, тіпті, кезекті әскери шенін да алды.
ЖАНДОС КҮЛДЕРБАЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - Осы әскер типтерінде әскери құрылымдар болып бөлінеді. Жергілікті басқару органдары соның бірі болып саналады. Жергілікті әскери басқару органдарының күні бөлек тойланғаны жақсы. Себебі, департамент, басқарма мен бөлімдердің еңбектері ерен. барлық әскери адам әскерге барғаннан бастап, зейнетке шыққанға дейін осында келеді.
Қорғаныс министрлігіне тиесілі 14 қызметтің 10-ы дәл осы қорғаныс істері жөніндегі жергілікті органдарда көрсетіледі. Халық арасында военкомат аталып кеткен бұл мекеменің негізгі міндеті 18-бен 27 жас аралығындағы ер азаматтарды әскерге шақыру. Өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізуді көздейтін Жас сарбаз» қозғалысы да дәл осы қорғаныс істері жөніндегі департаменттер құзырында. Мәселен, Аружан Шекербек мектеп кезінен-ақ, қорғаныс департаментін жағалап, жас сарбаз ұйымының белді мүшесіне айналды.
АРУЖАН ШЕКЕРБЕК - «ЖАС САРБАЗ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ - Мектеп кезінен 10 сыныптан бастап, осы әскери-патриоттық жарыстарға, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстарға қатысып жүрдім. Автоматты толық емес жинау, жалпы қорғаныс тұлыбын кию секілді сайыстардан үздік марапаттарға ие болып жүрдім.
Айта кетер жайт, биыл Қазақстанда әскерге 18 мың жасөспірімді жөнелту жоспарланған. Олардың 8 мыңы Қарулы Күштерге, 5 мыңы Ұлттық Ұланға және 3 мыңы Шекара Қызметінде әскери борышын өтеуге аттанбақ. Түркістан облысы болса, ел бойынша ең көп 4000 жас жауынгерлерді әскерге аттандырады.
️