Батыс Қазақстан облысында 11,2 миллиард теңгенің астығын шетелге заңсыз экспорттаған қылмыстық топ әшкереленді. Тергеу мәліметінше, күдіктілер сырттан келген өнімді «Қазақстанда өндірілген» деп жалған рәсімдеп, Азия елдеріне жеңілдетілген тарифпен жөнелткен. Заңсыз әрекетті жүзеге асыру үшін жалған басшылардың атына фирмалар тіркеліп, отандық шаруа қожалықтарымен астық сатып алу туралы өтірік шарттар жасалған. Осылайша олар тасымалдау кезінде жеңілдетілген тарифті пайдаланған. Транзиттік ақының төленбеуінен «Қазақстан темір жолы» компаниясына 1 миллиард теңгеден астам залал келтірілсе, салықтан жалтару мен жасанды банкроттық ұйымдастыру салдарынан мемлекетке 1,2 миллиард теңге шығын келген.