Ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесі артты

3
2026-09-28

Қазақстанда ауыл шаруашылығы шикізатын ел ішінде қайта өңдеу көлемі айтарлықтай артты. Соңғы үш жылда ет, сүт, майлы дақылдар мен дәнді дақылдарды өңдеу үлесі 64 пайызға дейін өсті. Үкімет бұл межені жыл соңына дейін 70 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Мақсат — тек шикізат сатумен шектелмей, елімізде құны жоғары дайын өнім өндіру. Отандық өңдеу өнеркәсібін дамытуға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіліп жатыр. Салаға шамамен 230 миллиард теңге бағытталып, 39 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ астықты терең өңдеу бағытында да өсім бар: қазір жыл сайын 510 мың тонна астық қайта өңделеді. Бұл өз кезегінде сыртқы саудаға оң ықпал етті. Былтыр агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 35 пайыздан астам өсіп, 3,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде елімізде өндірісті ұлғайту үшін жаңа кәсіпорындар ашылып, техникалық база үздіксіз жаңартылуда.