Жамбыл облысында жүк көліктерін тізгіндеген жүргізушілерді тоқтатып, ақша бопсалаған бір топ адам ұсталды. Бұған дейін әккілер шекара бекетінің маңында жүргізушілерді ғана емес, шетелден көлік әкеле жатқан азаматтарды, тіпті жолаушыларына дейін қорқытып, ақша алып отырған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олардың мекенжайларына 27 рет тінту жүргізілген. Ал оларды қолға түсіру әрекетіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де қатысқан. Олардан тінту кезінде суық қару, арнайы байланыс құралдары мен ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ автокөліктер тәркіленген. Қазіргі уақытта маңызды айғақтар алынып, қылмыстық іске қатысты жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.