Сайрам ауданында заңсыз құрылыс тоқтамай тұр

355
21.06.2022 03:35

Түркістан облысында  құжаты жоқ үйлер көбейген. Мәселен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінде мыңнан астам тұрғын үй мемлекеттік тіркеуге алынбаған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге  баспана салуға тиым салынған. Бірақ  жұрт оған құлақ аспайды дейді жергілікті билік өкілдері. 

Сабыржан Халманов Қарабұлақ ауылының тұрғыны.  Қолында ешқандай құжаты болмаса да, баспана тұрғызып жатыр. Жер телімі үй салуға арналмағанын әкімдік тарапынан ескертілген. Бірақ құлақ аспапты. Мұндай  әрекетке баруымның өз себебі бар дейді ол. Бір үйде төрт келін симаған соң, екеуінің еншісін бермек. 

САБЫРЖАН ХАЛМАНОВ, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

- Әкімшіліктен сұрасақ жер бермейді. Ақша бермейді. Бәрібір салуымыз керек қой, өмір сүруіміз керек қой. Күн көру керек. қарапайым халық не істейміз енді, өз жерімізде өмір сүрмей кетеміз бе?! Сол үшін салып жатырмыз үй. Басқа шарамыз қалмады. 

Алпыс мыңға тарта тұрғыны бар Қарабұлақта Сабыржан секілді мыңнан аса үй осылай салынып кеткен. Тіпті құрылысты енді бастағандар да жетерлік.  Жергілікті халық мұның заңсыз екенін жақсы біледі. Бірақ баспана салуды тоқтатар емес. 

ӘБДІШҮКІР ӘБДӘЗИМОВ, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Құжатсыз сатып алынған. Көпшілік істеген нәрсені істейміз, мен сияқты үйді жүзге тарта заңсыз салғандар бар. Солардың барлығын алып жатса, бізде заңға бағынамыз.

Қазіргі таңда заңсыз құрылыс көбеймесе азайған жоқ. Оны тоқтатуға жергілікті биліктің де, құзырлы органдардың да шамасы жетер емес. Ауыл әкімі тұрғындар «құрылысты тоқтат» деген ескертуді елемей, бір түнде үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалап үлгеріп жатқанын айтады. 

КАМИЛЖОН АБДИЛАХАТОВ, ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Іргетасын қазып қойған болса, таңертең барып көрсеңіз кірпішін қалап қойған болады. Тіпті бір күнде кірпішті қалап үлгеріп жатқандар да бар. Өйткені біз үлгере алмай қаламыз. Түнде кеп оларды тоқтату мүмкіншілігі жоқ.

Статистикаға жүгінсек, Қарабұлақ ауыл округінде 7 мыңнан астам адам жердің кезегінде тұр. Соңғы он жылдан бері ешкімге жер телімі берілмеген. Атқамінерлер егістік жерлерге  үй салып алғандар енді құжатын заңдастыруға міндетті деп отыр. Десе де мұны атқару оңайға соқпайды. 

ШУХРАТУЛЛА УБАЙДУЛЛАЕВ, САЙРАМ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Тек қана сот арқылы меншік иесін таниды немесе кадастр бағасымен үкіметтен алгоритмге сәйкес сатып алады жерді. Көп халық көнбей жатыр сатып алуға. Жағдайлары дұрыс келмейді. 

Ауылда заңсыз салынған мыңнан аса үйдің тек жиырма сегізіне құжат рәсімделген. Өзгелері қаралу үстінде. Қарабұлақта тұрғын үй тұрмақ, кәсіпкерлік нысандар да ауылшаруашылығы мақсатындағы жерге салынып кеткені анықталған. 28 нысан шаруа қожалығына тиесілі аумаққа тұрғызылыпты. Оларды бұзу бойынша істің сотқа өткені белгілі болды.