Жеті вагонды сүйреп, рекорд орнатты. Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы Ерсейіт Бралин Қазақстан рекордтар кітабына енді. Ол салмағы 165 тонна 200 килограмм болатын жеті вагонды 9 метр 75 сантиметр қашықтыққа сүйреп, ел тарихында жаңа көрсеткіш тіркеді. Ерсейіт Бралин – тек қызметте ғана емес, спортта да биік белестерді бағындырып жүр. Ол пауэрлифтингтен Қазақстан, Азия және әлем чемпионы атанған, халықаралық спорт шебері, сондай-ақ грепплингтен спорт шебері атағына ие. Бүгінде ол Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру-құтқару бөлімшесінде отряд командирі болып қызмет атқарады. Қауіпті мамандық пен спорттағы темірдей тәртіпті ұштастырған аға сержанттың бұл жетістігі – ерік-жігер мен қайсарлықтың жарқын үлгісі.