Елімізде өмір мен үміт таразысына түскен тағдырлар аз емес. Бүгінде төрт жарым мыңнан астам отандасымыз ағза ауыстыруға мұқтаж. Ал Түркістан облысының өзінде 160-тан астам науқас трансплантация отасын күтіп отыр. Өкініштісі, донор тапшылығы салдарынан жыл сайын 200-ден астам көз жұмады. Мамандар басты кедергі — қоғамдағы мәйіттік донорлыққа қатысты түсініктің төмендігі мен діни күмән дейді. Соған қарамастан, өңірде өзге біреудің ағзасы арқылы өмірі жалғасқан жандар да бар.