Жазғы демалыс балалар үшін қуанышқа, жаңа достыққа және жарқын естеліктерге толы кезең болуы тиіс. Алайда Мәжілісте көтерілген деректер кей лагерьлердегі жағдайдың талапқа сай емес екенін көрсетті. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кей демалыс орындарында балалар еденде ұйықтап, орын жетіспегендіктен бір төсекке екі адамнан орналастырылған. Сонымен қатар , ұлдар мен қыздардың бір бөлмеге жатқызылған жағдайлары да анықталған. Ал бірқатар өңірлерде ата-аналардың наразылығынан кейін балалар лагерден мерзімінен бұрын шығарылған Осыған байланысты депутат балалар демалатын орындарға тәуелсіз бақылау енгізіп, қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар балалардың жазғы демалысына бөлінетін бюджет қаржысының ашық жұмсалуын бақылау қажеттігін атап өтті.
️