Түлкібас ауданында мектеп бітіргендеріне жиырма жыл толған түлектер көпбалалы, мұқтаж отбасыға баспана сыйлады. Қуанышқа кенелген Кәмшат Үсенова көп жылдан бері баспанаға қол жеткізе алмай келген. Ол игі – іске мұрындық болған түлектердің сыйына алғысы шексіз екенін жеткізді.
Кәмшат Үсенова – 4 баланың анасы. Отағасы біраз жылдан бері еңбекке жарамсыз. Сол себепті отбасын асырау келіншектің иығына артылған. Қысқа жібі күрмеуге келмейтін тұрмыс иелеріне жаңа баспаналы боламыз деген ой тіпті үш ұйықтаса да түсіне кірмеген.
КӘМШАТ ҮСЕНОВА – КӨПБАЛАЛЫ АНА
Қайрымды жандар 5 миллионнан астам қаражатқа үйдің ішін заман талабына сай етіп жөндеуден өткізген. Электр жарығы, су мен газын да қосып, ішін қажетті жиһазбен толтырған. Мұқтаж отбасы бұған дейін баспаналы болатындарын білмеген. Түлектер «соңғы қоңырау» шарасынан кейін отбасына кілт тапсырып, тосынсый жасаған.
ИСАТАЙ СПАТАЙ – АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ТҮЛЕГІ
Жақсылыққа жаны құмар түлектер мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да көмекке зәру отбасылар үшін қолдан келгенше аянбайтындарын айтады.
️