Қазақстанда мемлекеттік қаржыны бірыңғай цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Цифрландыру нәтижесінде бюджетке 410 млрд теңге қосымша кіріс түскен. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, негізгі мақсат – жекелеген бағыттарды автоматтандырумен ғана шектелмей, мемлекеттік қаржыны басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Бүгінде салық жүйесі ауқымды көлемдегі деректермен жұмыс істеуде. Атап айтқанда, 3,9 млрд операция жүргізіліп, 2 миллионға жуық шот-фактура рәсімделді. Сонымен қатар Smart Data Finance жүйесі арқылы 99 мың хабарлама жолданып, 2,9 млн транзиттік декларация тіркелген. Өз сөзінде Мәди Такиев цифрландырудың нақты қаржылық нәтиже беріп отырғанын атап өтті.