Әлемнің алпауыт әуе компаниялары Беларусь әуе кеңістігін пайдаланудан бас тартып жатыр. Мысалы, Германия, Нидерланды мен Голландия Беларусь арқылы уақытша ұшпайтын болды. Ал Беларусьтің «Белавиа» әуе компаниясының ұшақтарына Ұлыбритания, Франция, Литва әуежайларына қонуға тыйым салынды. Ал АҚШ болса, Беларуське қарсы санкция салмақ. Бұл туралы Құрама Штаттар президенті Джо Байден мәлімдеді. Естеріңізге салсам, 23 мамырда Афиннен Вильнюске бет алған ұшақты шұғыл түрде Минскіге қонған еді. Оған ұшақ бортында жарылғыш зат болуы мүмкін деген хабар түрткі болған. Бірақ бұл ақпарат расталмады. Кейін осы ұшақпен Вильнюске бара жатқан Nехtа телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы, Александр Лукашенко режиміне ашық қарсы шыққан Роман Протасевич қамауға алынды. Осыған байланысты ондаған мемлекет пен халықаралық ұйым Беларусь билігін қатаң сынға алған болатын.
️