Жыл басынан бері елімізде 407 адам суға кетіп көз жұмған. Соның 136-сы балалар. Ал Түркістан облысы бойынша олардың саны 40, оның 29-ы кәмелетке толмаған. Әсіресе, таяуда ғана Арыс-Түркістан каналына шомылуға барып, суға батып кеткен бір үйдің үш бірдей баласы жайлы оқиға жұртты дүр сілкіндірді. Осы жағдайдан кейін Төтенше жағдайлар департаменті мамандары каналды айналдыра темір шарбақпен қоршауды қолға алуға кіріскен. Алайда өңірдегі 3000 су арнасы маңын түгел дерлік қоршап шығу мүмкін емес деген мамандар әр ата-анадан балаларын қадағалауды өтінеді. Дегенмен өздері де қол қусырып қарап отырмай, облыстағы тыйым салынған 176 су айдынын анықтап, қайта шешім шығаруға мәслихатқа жолдаған. Сондай-ақ қайғылы жағдай қайталанбас үшін аудандық, қалалық жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 3000 рейд жүргізген.
️