Жетісайлық шаруалар мақта терім науқанын бастады. Ынтымақ ауылдық округінде әр шаруа қожалығы шамамен ақ алтынның әр гектарынан 30 центнер өнім алып отыр. Бұл – бірінші терімнің ғана көрсеткіші. Екінші терімде алынатын өнім көлемі бұдан сәл аздау болады. Сонымен орташа көрсеткіш гектарынан 23,5 центнер болады деген болжам бар. Айта кетейік, биыл өңір диқандары су тапшылығын тартып отыр. Мақтаға берілетін селитра да кешігіп жеткен. Әйтсе де мұндай қиындықтарға қарамастан, алынған өнім мөлшері шаруалардың көңілінен шығуда. Ал Жетісай ауданы бойынша жыл сайын мұндай алқап көлемі тарылып келеді. Басты себеп – егістікті әртараптандыру саясаты. Жалпы бір дақылға негізделген шаруашылық осыған дейін де талай қиындыққа тап болған. Қазір ауданда мақта егілген алқап 44 мың гектардан асады.
️