Тілсіз жау өрімдей жеткіншектердің өмірін жалмады. Бір үйдің үш баласы суға кетіп, қайтыс болды. Оқиға бүгін таңертең 9 жарым шамасында Түркістан қаласында болған. Аймақты бойлай өтетін Арыс -Түркістан су каналынынан 3 адамның қалқып ағып келе жатқанын жергілікті бағбан байқап қалыпты. Алғашында оларды қуыршақ деп ойлаған ол балалар екенін аңғарған соң судан шығарып алуға әрекет жасаған. Балалар таңғы 9 дан өте үйінен шығып кеткен екен. Ал, төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, ақпарат 1 сағаттан соң келіп түсіпті. Оған дейін жедел жәрдем қызметі келіп, алғашқы көмек көрсеткен. Өкінішке орай, оларды аман алып қалу мүмкін болмапты. Ені 10 метр, тереңдігі 2 метрге жететін Арыс-Түркістан каналы шомылуға тиым салынған аймақ болып табылады. Десе де, мәйіттер киіммен табылғандықтан шомылып емес, ойнап жүріп суға түсіп кеткен дегендері белгілі болды. Сондай-ақ, аталмыш канал бойы темір қоршаумен қоршалуы тиіс екен. Алайда, ол жер ашық жатқандықтан ауыл балалары жаздыгүні бұл жерді шомылу аймағына айналдырып алған көрінеді.
️