Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласына 10 миллиард доллар халықаралық инвестиция тартып, шетелдік іскер топтар үшін мүлдем жаңа визалық режим енгізеді. Ташкентте өткен халықаралық инвестициялық форумда мәлім болған бұл маңызды бастаманы Премьер-министр Олжас Бектенов жеткізді. Алқалы жиын аясында Үкімет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабылдауында болып, қос ел арасындағы көлік-логистика, энергетика және өнеркәсіп кооперациясын тереңдету мәселелерін талқылады. Бүгінде бауырлас мемлекеттер арасындағы сауда-саттық байланысы да өте қарқынды.
Өткен жылы тауар айналымы 16 пайыздан астамға артып, 4 миллиард 800 миллион долларды құраса, биылғы жылдың алғашқы төрт айында бірден 42 пайызға өсіп, 1 миллиард 900 миллион долларға жеткен. Форум барысында Қазақстан тарапы бұл көрсеткішті алдағы уақытта еселей түсуге мүмкіндік беретін жаңа цифрлық жобаларын шетелдік серіктестерге таныстырды.
️