Игі іске мұрындық болған қайырымды жандар 4 бөлмелі үйді көпбалалы Дүйсенбековтер отбасына табыстады. Қуаныш иелері бұған дейін жаңа баспанаға кіреміз деп ойламаған. Түлектер «соңғы қоңырау» шарасынан кейін кілтті отбасыға табыстап, тосын сый жасады.
5 миллионнан астам қаражат жинаған түлектер, үйдің ішін заман талабына сай жөндеуден өткізген. Электр жарығы мен су және газын да қосып, ішін қажетті жиғазбен де қамтыған. Бұған дейін отағасының құлағы мен көзі жарамсыз болғандықтан, отбасы 13 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген көрінеді.
Баспанаға қол жеткізген отбасы мұндай тосынсыйды үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтып, түлектерге шексіз алғыстарын білдірген.
Осы уақытқа дейін Түлкібас ауданы әкімдігінің қамқорлығында болған отбасыға алдағы уақытта жомарт жандар мен мемлекет тарапынан басқа да көмектер көрсетілмек дейді аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Қайырымдылық шарасы Қарағашты ауылында жалғасын тапқан. Бұл жерде Дауан мектебінің дәл осындай 20 жыл бұрын бітірген түлектері отбасында төрт бірдей мүмкіндігі шектеулі жандар бар Тәжібаевтардың құлап қалған үйін өз күштерімен тұрғызып, 2 млн. 6 жүз мың теңгеге керек-жарақ құрылыс заттарын алып, үйін жаңартып берген. Сондай-ақ, аталған мектептің түлектері Қарағашты ауылының орталық мешітінің жылу жүйесін істеп, мешіт кілемдерін өз қаржыларынан жаңартып берген. Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.