Түркі әлемінің білім кеңістігі кеңейеді

33
08.06.2026 19:30

Түркі мемлекеттері ұйымының білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілмек. Бүгін Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше  елдердің  білім министрлері бас қосты.  Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған жиында біртұтас білім беру кеңістігін қалыптастыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар білім сапасын арттыру мен жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу бағытындағы бастамалар қаралды.

Түркі мемлекеттері ұйымы соңғы жылдары білім саласындағы ықпалдастықты күшейтуге басымдық беріп келеді. Ұйымның Бас хатшысының айтуынша, бүгінгі отырыс осы бағыттағы нақты шешімдерді бекіткен маңызды алаң болды. Кездесу барысында студенттер мен ұстаздардың академиялық алмасуын кеңейту, ортақ ғылыми зерттеулерді дамыту және жоғары білім жүйелерін өзара жақындастыру мәселелері қарастырылды. 

 

КУБАНЫЧБЕК ӨМІРӘЛИЕВ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ 

Біз жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау мәселесіне ерекше назар аудардық. Академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту жөнінде ортақ келісімдерге келдік. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының өзара байланысын күшейту бағытында маңызды шешімдер қабылданды. Ғалымдардың бірлескен зерттеулер жүргізуіне жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бүгін қабылданған шешімдер ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізіне айналатын болады.


Жиын қорытындысында түркі мемлекеттерінің жоғары білім жүйелерін өзара ықпалдастыруға бағытталған нақты қадамдар айқындалды. Оның ішінде Орхун академиялық алмасу бағдарламасын кеңейту, жас ғалымдарға арналған гранттық мүмкіндіктерді көбейту және дипломдарды өзара тану мәселелері бар. Сондай-ақ тараптар білім сапасын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру мен ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуге уағдаласты.

 

САЯСАТ НҰРБЕК ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ

 

Бүгін сол процестердің маңызды бағыттарын айқындадық. Біріншісі академиялық ұтқырлық, Орхун бағдарламасы бекітілді бірнеше жыл бұрын. Енді соған Азербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан толыққанды қосылып, біздің студенттерімізге басқа Түркі елдерінің студенттеріне барып, алмасуға мүмкіндік беріп жатырмыз.

 

Министрдің сөзінше, соңғы жылдары түркі елдері арасында университет филиалдарын ашу тәжірибесі де қарқын алған. Бүгінде Қырғызстан мен Өзбекстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының бөлімшелері жұмыс істейді. Ал биыл Шымкентте Түркияның беделді Гази университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр.