Олжас Бектенов ірі зауыттар мен логистикалық орталықтарды тексерді

31
08.06.2026 19:30

Астанада жыл соңына дейін жиырмаға жуық жоба іске қосылып, мыңға жуық жұмыс орыны ашылады. Ол үшін 36 млрд теңге жұмсалмақ. Биылдың өзінде Елорда экономикасына 587 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 80 пайызға жуығы жеке инвестиция. Президенттің өнеркәсіпті дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектенов бірнеше кәсіпорын жұмысымен танысты. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Үкімет басшысы әуелі логистикалық орталық жұмысымен танысты. Алып кешенде тауарларды қабылдау, сақтаудан бастап, оны жинақтап, жөнелтуге дейінгі барлық қызмет атқарылады. Одан соң Олжас Бектенов медициналық мақсаттағы пластикалық бұйымдар кәсіпорынының іске қосылуына куә болды. Онда донорлық ағзаны сақтап, қалпына келтіруге арналған 6 млн контейнер мен 45 мың құрылғы бар. Бұл отандық трансплантология ғылымы үшін жаңа мүмкіндік ашады.

 

Юрий Пя, UMC қорының басқарма төрағасы 

- Кардиология мен кардиохирургияға қатысты заттарды, біз шетелден сатып аламыз. COVID-тен кейін көптеген құралдарға тәуелді болып қалдық. Сондықтан өндірісті өзімізде бастауға, әуелі кардиология мен кардиохирургиядан бастауға, соның ішінде, донорлық органдарды сақтауға арналған аппарат жасау туралы өзіміздің идеямызды енгізуге шешім қабылдадық. Осы жылдың соңына қарай зауытта алғашқы үлгіні шығаруды жоспарлап отырмыз.

Бұдан соң іс-сапар тамақ өнеркәсібі цехында жалғасты. Премьер-министр нан-тоқаш, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұнда күніне 25 тонна ұн, 100 тонна сүт өндіріледі. Дайын өнімдер бас шаһардағы сауда нүктелеріне жеткізіледі.

 

Рауан Бектембеков, «RNR group» ЖШС бақылау-өлшеу аспаптары инженері 

АҚШтық компания клапондарын , жылу алмастырығыш, Швеция сепараторлары, гомоганизаторлары орналастырылған. Қаптау жүйелері жоғары өнімділік пен өнім сапасын қамтамасыз ететін әлемдік деңгейде жабдықталған. 

Сапардың соңғы нүктесі ет өңдеу зауыты болды. Кәсіпорын жыл соңында пайдалануға беріледі. Мұнда жыл сайын 18 мың тонна ет өнімі шығарылады. Шикізат жақын аймақтағы шаруа қожалықтарынан жеткізіледі.

 

Фархад Мадалиев, «Астана ЕТКОМ» ЖШС құрылтайшысы 

Алғашқы кезеңде кәсіпорында 100-ге дейін жұмыс орны ашылса, толық қуатқа шыққаннан кейін бұл көрсеткіш 300-ге дейін жетеді. Кадр даярлау мақсатында кәсіпорын колледждер мен басқа да оқу орындарының студенттерін оқытуды ұйымдастырды, оларға кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

 

Премьер-министр Астана әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде болу қажеттігін атап өтті. Әрі басқа өңірлерге үлгі болуы тиіс екенін де тілге тиек етті. Олжас Бектенов алдағы уақытта әкімдік пен салалық министрлік жобаларды сүйемелдейтінін жеткізді.