Түркістан облысында перзентіне алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың қарызы 12 миллиард теңге, ал мемлекет пайдасына өндіріп алынуға тиіс жинақталған берешек 16 миллиард теңгеге жеткен. Бұл мәселе облыс прокуратурасында өткен кеңейтілген мекемеаралық мәжілісте талқыланды. Прокурорлық талдау барысында атқарушылық өндірістердің бір бөлігінде нақты өндіріп алу әрекетінің нәтижесіз екені анықталған. Атап айтқанда, бюджетке қайтарылуы тиіс 3,6 миллиард теңге берешегі бар жүздеген борышкердің мүлкіне тиісті шектеулер қойылмаған. Сонымен қатар, қомақты алимент қарызы бола тұра букмекерлік кеңселерге миллиондаған теңге жұмсаған борышкерлер де анықталды. Жиында алимент өндіру мәселесі тек қаржылық көрсеткіш емес, ең алдымен балалардың құқығы мен мемлекет мүддесін қорғауға тікелей қатысты екені айтылды. Мәжіліс қорытындысында жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
️