Бейбіт күннің батырлары марапатталды

23
03.06.2026 20:58

Батырлық тек қан майданда ғана емес, бейбіт күнде де сыналады. Нағыз қаһармандар жарқыраған сауыт кимейді, олар біздің арамызда жүр. Бүгін Түркістанда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында өңірлік патриоттар форумында дәл осы бейбіт күннің батырлары ұлықталды. Туған жері мен елі үшін жанын да, малын да аямаған абзал азаматтардың әрекетін тілшіміз Дана Қазыбек тарқатады. 

Өлім мен өмірдің арасы бір-ақ мысқал екенін Самат Нарбаев өз көзімен көрген. Осыдан тура бір жыл бұрын Шорнақ ауылының қарапайым құрылысшысы балық аулап отырып, ағын суға жұтылып бара жатқан бейтаныс әйелді байқайды. Осы бір қас қағым сәтте ол  өмірін қатерге тігіп, асау өзеннің құщағынан келіншекті арашалап қалған. Адамды ажал тырнағынан жұлып алса да, Самат өзін батырмын деп санамайды. 

САМАТ НАРБАЕВ – ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫName_news

Біз сол маңайда балық аулауға барғанбыз. Сол кезде бір әйел адамның суға батқанын көріп біз сол моментте аман алып қалуға тырысып, алып қалдық сол жерде. Мен енді көріп тұрып өз өзімді ұстай алмадым. Баруға тура келді. Бір жыл өтті ғой. 2025-те болған жағдай. Мен ұмытып тіршілігімді жасап жүрген адаммын. Қуанышты жағдай мен үшін осындай марапат алу, елеп ескергені үшін рақмет.

Патриоттықты жалаң ұранмен емес, туған жерге деген шынайы қамқорлықпен көрсеткен тағы бір кейіпкер - Темірхан Тұрсынханов. Ол ауылында мал өсіріп, адал кәсіппен айналысатын жан. Шілденің аптап ыстығында жол жиегінде көлік күтіп, күн өткен аналар мен қыз-балалардың тауқыметін көргенде оның жүрегі сыздайтын-ды. Содан соң ешкімнен көмек сұрамай, өз қаржысына ауылға зәулім аялдама мен автокөлік жүретін берік көпір салып береді. Бұл іске бүкіл ауыл тұрғындары да  жұмыла кірісіп, нағыз бірліктің үлгісін көрсеткен.

ТЕМІРХАН ТҰРСЫНХАНОВ – ЖЕКЕ КӘСІПКЕР Name_news

Бір күні жеңіл көлігім бұзылып қалды. Содан көшеге шығып түстен кейін шілденің күнінде тұрсам күн қатты өтіп кетті содан осы жерге бір аялдама салсам деп өзім ойладым. Ер адамдарға негізі шли қиын емес, көлікпен жүреді. Ал енді әйел кісілерге, қыз балаларға өте қиын болатынын сездім, сөйтіп аялдама салуға кірістім. Аялдама салып болған соң, көпір салып берейін деп, сол көпір салып бердім ауылға. Ол жерде бетон құйылат оның бәрін ауылдың тұрғындары өздері жәрдем берді. Сол көпшіліктің арқасында салынды.

 Рәміздер күні қарсаңындағы форумның басты мақсаты да жастарға Самат пен Темірхан ағамыз сияқты елінің шын жанашырларын үлгі ету. Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы мен «Шаңырақ» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға жастар, еріктілер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Алдағы уақытта бұл қаһармандардың оқиғасы интернет желісінде де кеңінен насихатталмақ. 

СӘБИРА БАЙЗАҚОВА - «ШАҢЫРАҚ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ Name_news

Ол азаматтар турал бүгін түсірілім жасап қысқа қысқа роликтер әлеуметтік желі арқылы таратылатын болады. Жалпы әр елге өзінің батырлары танымал болу керек деген мақсатта. Патриоттар форумын шақырылған контингенттің 60 пайызы жастарды қамтиды. Жастар алдағы уақытта патриоттықты өзінен өзінің елінің нышанын білуден бастаса екен. Өз азаматтарын құрметтеуден бастаса екен деген мақсат.

 Көгінде егемендіктің туы желбіреген мемлекеттің басты байлығы оның игі жақсылары мен жүрегі елім деп соққан азаматтары. Рухани астанадағы патриоттардың бұл басқосуы ұлттық бірлікті нығайтып, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға жаңа серпін бермек.