Қазақстан мен Кипр қандай келісімдерге қол қойды?

9
03.06.2026 20:47

Қазақстанға ресми сапармен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис келді. Ақордада өткен жоғары деңгейдегі кездесуде екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентінің бұл сапарының тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

 

Тәуелсіздік сарайында Кипр Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, қос елдің әнұрандары шырқалды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис алдымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Онда екіжақты ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен алдағы жоспарлары талқыланды. Кейін кездесу екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасып, сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрландыру және туризм салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ  

 

Біз жаңа ғана шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз. Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз – саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

 

Жиында Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынып, үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру бастамасын көтерді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кипр арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

 

НИКОС ХРИСТОДУЛИДИС – КИПР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ 

 

Марапатты екі ел арасындағы достықтың нышаны ретінде Кипр халқының атынан қабыл аламын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Бүгінгі сапар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген ортақ мүддемізді көрсетеді. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Ал Кипр қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Ақпараттық технологиялар, туризм, білім беру және инфрақұрылым салаларында әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік мол.

 

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ведомстволары арасында бес бірдей құжатқа қол қойылды. Олар цифрлық даму, киберқауіпсіздік, мәдениет, білім және ғылым, спорт, сондай-ақ инвестициялық және іскерлік ынтымақтастық бағыттарын қамтиды.Тараптар қабылданған келісімдер Қазақстан мен Кипр арасындағы өзара тиімді серіктестікті нығайтуға негіз болатынына сенім білдірді.