Өрт қаупі жоғары маусым: қауіпсіздік шаралары күшейтілді

6
02.06.2026 20:25

Жаздың аптап ыстығы бастала салысымен Түркістан облысында өрт қауіпсіздігіне байланысты жұмыстар күшейтілді. Өңірдегі тілсіз жаудың алдын алуға тікұшақтан бастап, мыңдаған ауыл еріктілеріне дейін жұмылдырылып жатыр. Қазірдің өзінде дала өрті таралмас үшін ұзындығы жол бойындағы 9 600 шақырым жер жыртылып, арнайы қорғаныс жолақтары салынған. Бұл дайындық жұмыстарының сапасы мен кемшіліктері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қатаң қаралды.

 

Тілсіз жаумен күреске  өңірдегі 12 орман шаруашылығы да толық дайын. Мамыр айының соңында Бәйдібек ауданында өткен «Өрт-2026» ауқымды оқу-жаттығуында құтқарушылардың қауіпті сәттегі іс-әрекеті пысықталған еді.  Төтенше жағдай қызметі апатпен күреске  340 маман, 70 техника және 1 тікұшақты сақадай сай етіп отыр. Тікұшақпен су алатын арнайы 10 орын да бекітілген. Өрт маусымы басталғалы қауіпсіздік ережесін бұзатындар шыға бастады. Оларға қатысты 95 әкімшілік іс қозғалып, 6 миллион 200 мың теңге айыппұл салынды. Дайындықты баяндаған жауаптыларды тыңдаған аймақ басшысы, аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 

 

Орман және дала өрттерінің алдын алу үшін тұрақты бақылау жүргізуді тапсырамын. Аудан, қаладағы өрт сөндіру бекеттерін заманауи көлік және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдеріне дала өрттері орын алған жағдайларды тікелей жеке жауапкершілікке алатынын ескертемін. Сіздер сағат қарап отыратын жағдай емес. Егер нақтылы құжатта жүргізілген жұмыстар толық әрі тиісті деңгейде жүзеге асырылмаса, соның салдарынан төтенше жағдай орын алса, онда тікелей жауап бересіздер.

Өңірде әсіресе, таулы және орманды алқаптардағы бақылау күшейді.  «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне өртті ерте анықтайтын смарт жүйелер орнатылып, су жаңа 5 техника берілді. Жалпы орман қорында жүздеген трактор, патрульдік көліктер мен 1500-ден астам өрт сөндіргіш құралы дайындалған. Ал  өрт сөндіру бөлімі жоқ шалғай ауылдарды қорғау үшін 2 жарым мыңнан астам тұрғын еріктілер жасағына кірді. Алайда, кейбір аудандарда маусымдық бекеттерді ашу жұмыстары әлі де ақсап тұр.

САНЖАР БҮРЛІБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 

Құру жоспарына сәйкес 37 бекет құру қажет болса, бүгінгі күнге 33 маусымдық бекет құрылған. Жаңа атап өткендей, Ордабасы, Түлкібас, Келес, Сарыағаш аудандарында бір-бірден бекет құрылмаған. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығына сәйкес, маусымдық өрт сөндіру бекеттері ауыл құтқарушылары бағдарламасы шеңберінде жыл бойы жұмыс істейтін өрт сөндіру бекеттеріне ауыстырылды. Бағдарламаға сәйкес жалпы 49 өрт сөндіру бекетін құру және қайта жаңғырту жоспарланған. 

Осылайша шалғай елді мекендерді тілсіз жаудан қорғауда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жақсы нәтиже беруде. Осы бекеттердің жедел әрекет етуімен қазірдің өзінде 25 өрт ошағы сөндіріліп, адамдар аман қалды. Жалпы арнайы бағдарламаның шарапатымен 2021 жылы 8 өрт сөндіру пункті, 2022 жылы 3 пункт ашылған болатын. Биыл тағы 3 өрт сөндіру пунктін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, қазіргі таңда аудан және қала әкімдіктері жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, қосымша 18 өрт сөндіру бекетін жасақтау жөнінде ортақ келісімге келді. Жазғы қауіпті маусымда аймақтың амандығын сақтау жұмыстары үздіксіз жалғаса бермек.