Жезқазғанда балаларға арналған кешенді шығармашылық орталық ашылды. Бұл Ұлытау өңірінде соңғы 70 жылда алғаш бой көтерген әлеуметтік бағыттағы заманауи дамыту орталығы. Баланың зейіні ашылсын деген сеніммен "Шабыт" деп аталған су жаңа шығармашылық кешен Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынған. Құрылысына 4 миллиард теңге қаржы жұмсалған орталықта арт-студия, қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, хореография залдары мен робототехника кабинеттері, цифрлық өнер мен графикалық дизайн студиясы бар. Ғимарат бір уақытта 250 балаға дейін қабылдай алады. Үйірмелер тегін әрі үш ауысыммен өткізілетіндіктен, орталықтың күніне 600 балаға білім беру мүмкіндігі бар. Ғимаратты жобалау барысында инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған.
️