Түркістанда ағзасын ауыстырған және бүйректері дұрыс жұмыс істемейтіндіктен гемодиализ қабылдап жүрген жандар арасында ІХ республикалық спорт ойындары өтеді. Дәстүрлі жарысқа еліміздің 12 өңірінен сапортшылар келеді. Олар жүзу, волейбол, үстел теннисі және дартс бойынша үздіктерді анықтайды. Жарыстың басты мақсаты – ағза донорлығының маңызын насихаттау және 2027-2028 жылдары өтетін Дүниежүзілік трансплантациялық ойындарға қатысатын Қазақстан құрамасына спортшыларды іріктеу. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында ағза трансплантациясын қажет ететін 180 адам күту парағына жазылған. Оның 14-і – балалар. Өңірде әсіресе бүйрек трансплантациясына сұраныс жоғары болып отыр. Өткен жылы елімізде 349 трансплантациялық ота жасалса, оның 34-і Түркістан облысына тиесілі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың Түркістанда өтуінің өзіндік мәні бар. Рухани әрі тарихи орталық саналатын қала бүгінде жаңару мен дамудың мекеніне айналған. Осында өмір үшін күрескен жандар бас қосып, трансплантация жаңа өмірдің бастауы екенін дәлелдеуге ниетті.
️