Түркістан облысында интернет алаяқтармен күресетін арнайы жастар тобы құрылды. «Цифрлы қоғам» жобасы аясында оқытылған еріктілер енді шалғай ауылдарды аралап, халыққа смартфонды қауіпсіз пайдалануды және банк есепшоттарын қорғауды үйретеді. Бұл өңір үшін өте өзекті, себебі облыстағы 670 мыңнан астам жастың 75 пайызы ауылдық жерде тұрады. Қазірдің өзінде аймақтағы 800-ге жуық елді мекеннің әрқайсысына жауапты жас көшбасшылар бекітілді. Олардың 150-і арнайы дайындықтан өткен. «Digital Jastar» форумында бас қосқан 300-ге жуық белсенді қаржылық тергеу мамандарынан интернет алаяқтық пен кибербуллингке қарсы тұрудың нақты жолдарын үйренді. Енді олар бұл білімді ауыл тұрғындарына жеткізеді.
️