Алтын – ел экономикасының тірегі, стратегиялық маңызы жоғары ресурс. Сондықтан бұл саладағы әрбір заңсыз әрекет мемлекет қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан Ішкі істер министрлігі заңсыз кен өндіру мен алтын ұрлығына қарсы күресті күшейтті. Соңғы бір жылдың өзінде елімізде бағалы металлды өндіру және оны саудаға салған 1400-ден астам азамат құқық бұзғаны үшін жауапқа тартылып, 12 тоннадан астам құрамында алтыны бар бұйымдар тәркіленді. Биыл Жамбыл облысындағы “Ақбақай” кен байыту комбинатында алтынды заңсыз өндіру және ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан топ әшкереленді. Жедел шаралар нәтижесінде бірнеше өңірдің тұрғындарынан құралған қылмыстық топ ұсталып, олардың заңсыз әрекетінің жолы кесілді. Қару-жарақ, ірі көлемдегі қаражат, байланыс құралдары мен автокөліктер тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс сот қарауына жолданып, келтірілген залал анықталып жатыр. Сонымен қатар кәсіпорынның күзет қызметкерлерінің де бұл іске қатысы бар-жоғы тексерілуде.
️