Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады. Кездесуде қазақы ит тұқымдарын сақтау және тұрақты генетикалық қорын қалыптастыру ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық жайы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тазысын алдын ала тануға ықпал жасағаны үшін Тамаш Яккельге алғыс айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, тазы және төбет тұқымдарын сақтау тек кинология тұрғысынан емес, сондай-ақ дәстүрлі тұрмыс салтымен тығыз байланысты тарихи-мәдени құндылық ретінде айрықша маңызға ие. Жүйелі жұмыс нәтижесінде бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Бұдан бөлек, көп ұзамай Жетісу облысында сұрыптау жұмыстарымен айналысатын және ит асыраушыларға ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашылмақ. Халқымыздың асыл қазынасын дәріптеу мақсатында биылдан бастап 3 қыркүйекте Қазақы тазы мен төбет күні аталып өтеді. Өз кезегінде Тамаш Яккель қазақы ит тұқымдарын сақтауға айрықша қамқорлық көрсетіп отырған Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
️