Қазақстан мен Израиль енді жасанды интеллект саласында серіктес болмақ. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Израиль Президенті Ицхак Герцог Alem.ai халықаралық орталығына барды. Мұнда олар жас таланттардың қабілетін дамытудан бастап, дайын технологияларды әлемдік нарыққа шығаруға дейінгі жұмыс барысымен танысты. Израиль - технология саласында әлемдік көшбасшы ел. Сондықтан Қазақстан Президент мәртебелі мейманға еліміздің цифрландыру саласындағы ең соңғы жетістіктерін мақтанышпен көрсетті. Тіпті, Астананы ақылды қалаға айналдыратын «Astana Smart City» жобасының мүмкіндіктері де таныстырылды. Екі ел басшылары жасанды интеллектіні тек экономикаға емес, күнделікті әлеуметтік өмірге де тезірек енгізу керек екенін айтты. Енді алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы байланыс саясаттан бөлек, жоғары технологиялар арқылы жаңа белеске шықпақ.
️