Елдегі ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту мақсатында заманауи техникалардың үлесі артады. Бұл мақсатта Қостанайдағы Локализация орталығының өндірістік базасы басты алаңға айналмақ. Мұнда ауыл шаруашылығы жабдықтарының өндірісі толықтай іске асырылады. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов әлемдік жетекші компаниялардың өкілдерімен кездесіп, өндірісті ілгерілетуге бағытталған маңызды келісімдерге қол қойды. Премьер-министр Қазақстанның ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұрғанын атап өтті. Саланың әлеуеті жыл санап артып келеді. Мәселен, былтыр жалпы өнім көлемі 9 триллион теңгеден асып, астық жинау 26 миллион тоннаға жетті. Қазіргі таңда еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор мен 30 мыңға жуық комбайн жұмыс істеп тұр. Жаңа келісімдер осы техника паркін отандық өніммен толықтырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
️