Алматы қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары әскери оқу орындары курсанттары арасында математикадан өткен халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті. Үш кезеңнен тұрған зияткерлік сайысқа алты елдің Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан өкілдері қатысып, білім мен біліктілікті сынға салды. Жалпы командалық есепте Ресей командасы өзгелерден озып шықты, екінші орынды еліміздің курсанттары иеленді, ал үшінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырды. Жеңімпаздар ТМД Қорғаныс министрлері кеңесі төрағасының кубогымен қатар, медальдар, грамоталар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мамандардың айтуынша, бұл олимпиада тек білім бәсекесі ғана емес, сонымен қатар достастық елдерінің қарулы күштері арасындағы кәсіби ынтымақтастық пен достық байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды дейді. Білім бәсекесі осымен оныншы рет ұйымдастырылды.
️