Биыл наурыз айында Елорда мен Алматыда дербес деректердің заңсыз айналымына қатысты ірі құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізілген операция барысында азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз жинап, оны интернет арқылы сатып келген күдікті топ анықталды. Тергеу деректеріне сүйенсек, заңсыз жолмен алынған ақпаратқа сұраныс та аз болмаған. Оны микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ жеке тұлғалар сатып алғаны белгілі болды. Тінту кезінде күдіктілерден компьютерлік техника, электронды ақпарат тасымалдағыштар, ірі көлемдегі ақша және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 147, 208 және 210-баптары аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес, әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.
️