Шымкенттік сарбаздар бүгін сап түзеп, жаттығу жасаудың орнына кітап оқыды. Ұлттық кітап күніне орай әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының жауынгерлері Әл-Фараби атындағы кітапханаға арнайы экскурсия жасады. Қазір мұнда 400 мыңнан астам кітап бар. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастар мұнда тек басылымдарды парақтап қана қоймай, заманауи технологиялардың мүмкіндігін де көрді. Мәселен, бүгінде кітапхана қорындағы жергілікті авторлардың шығармаларын бір ғана QR-код арқылы телефонға жүктеп алуға болады. Елімізде соңғы бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан, электрондық форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асқан. Рухани сапар барысында сарбаздар ұлы ойшылдың еңбектерімен танысып, оқу залдарында өздеріне қажетті әдебиеттерді оқыды. Айта кетейік, бүгін 23 сәуір Ұлттық кітап күні. Қазір қоғамда, әсіресе жастар арасында оқу мәдениеті қалыптасып келеді.
️