Толық циклді мақта-тоқыма кластері дамып келеді

21
16.04.2026 20:03

Түркістан облысында мақта-тоқыма саласы қарқынды дамып келеді. Аталған сала бойынша, өңір басшысы Нұралхан Көшеров инвесторлармен кездесіп, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасының жүзеге асу барысын пысықтады. Құны 146 млрд теңге болатын бұл ірі бастама, шикізаттан дайын өнімге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Яғни, мақта өсіру, оны терең өңдеу, тоқыма және тігін өнімдерін шығару бір жүйеге біріктірілмек. Жоба толық іске қосылғанда 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өнімділік гектарына 60 центнерге дейін артады. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару технологиясы енгізілуде. Айта кетейік, өткен жылы өңірде 100 млрд теңгеден асатын 5 жоба іске қосылып, мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Ал биыл тағы 46 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.