Биылғы халық санағы өзгеше өтпек. Яғни, бұрынғыдай қағазбастылықтың орнына автоматты жүйе іске қосылмақ. Бұл мәлеметтерді жедел жинауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты. Биылғы науқанның ерекшелігі – санақ парақшаларына жаңа сұрақтар енгізілді. Ол пандемияның табыс деңгейіне әсері, халықтың коронавируспен сырқаттануы және вакциналауға қатысты сауалдар болмақ. Ұлттық статистика бюросының басшысының мәліметінше, халық санағын өткізуге 27 мың планшет сатып алыныпты. Санақтан соң бұл құрылғылар мектептер мен ауруханаларға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы халық санағы екі тәсілмен жүргізіледі. 1 қыркүйек пен 15 қараша аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта және қазан айының бірі мен отызы аралығында электронды планшеттер пайдалану арқылы дәстүрлі сауалнама арқылы жүреді. Сондай-ақ Ұлттық санақ кезінде қазақстандықтарға Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады.
️