Алматы облысындағы республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» тасжолының бір бөлігін қар суы шайып кетті. Оқиға бүгін түс қайта, тау етегіндегі күннің күрт жылынуынан болған. Еріген қар суы арнасынан асып, 60-шы жылдары төселген су өткізгіш құбырды зақымдап, артынша асфальттың астын опырып жіберген. Айта кетерлігі, жолдың дәл осы 20-шақырымы бұған дейін ешқашан «қауіпті аймақтар» тізімінде болмаған. Қазір тасжолда көлік қозғалысы тоқтады. Тәулігіне 500-ге жуық көлік қатынайтын күре жол жабылған соң, жүргізушілер үшін уақытша қиыршықтас жол пайдалануға берілді. Қазір оқиға орнында 20-дан астам арнайы техника мен тиісті қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр.
️