Еліміздің су қорын сақтау мәселесі әлі күнге өзекті. Бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану мемлекеттік маңызы бар шаруға айналды. Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде өткен экологиялық сағат осы тақырыпқа арналды. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам студент онлайн қосылып, суды үнемдеудің жолдарын және осыған байланысты мәдениет қалыптастыру жайын талқылады. Басқосуда суды тек тұрмыстық жағдайда ғана үнемдеу емес, Солтүстік Аралды сақтау, жерасты суларын игеру және былтыр күшіне енген Су кодексінің жаңашылдықтары кеңінен сөз болды. Экосағат аясында жас ғалымдар мен студенттердің үздік зерттеулері мен инновациялық жобалары таныстырылды. Бұл бастамалар тек теория жүзінде қалмай, алдағы уақытта нақты өндіріске енгізілуі тиіс. Айта кетейік, «Суды үнемде - болашақты сақта!» білім беру жобасы биылдан бастап халықаралық ұйымдармен бірлесе жүзеге асып жатыр. Мақсат - қоғамда суды ұқыпты тұтынудың жаңа этикасын қалыптастырып, тіршілік нәрін ұрпаққа сарқып алмай жеткізу.
️