Қарағанды облысында спорттағы абырой-беделін пайдаланып, ауыр қылмыстарды кәсіп қылған топ тұтқындалды. Ішкі істер министрлігі жүргізген ауқымды операция нәтижесінде осындай 20 күдікті құрықталды. Белгілі болғандай, топ мүшелерінің бірі спорт әлеміндегі беделін пайдаланып, жастарды «қолдау және дамыту» деген желеумен қылмыс әлеміне тартқан. Қазіргі таңда олардың үстінен ұрлық пен тонау, бопсалау мен алаяқтық фактілері бойынша алты бірдей қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары жүргізген тінту шарасы кезінде заңсыз алып жүрген суық қарулар, оқ-дәрілер мен автокөліктер тәркіленді. Сондай-ақ, ірі көлемдегі қолма-қол ақша мен шетел валютасы табылды. Тергеу мәліметінше, бұл топ өз ықпалын кеңейту үшін жасөспірімдерді зорлық-зомбылыққа итермелеп, ұйымдасқан түрде әрекет еткен. Қазір ұсталғандардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
️