Халық әртісі Әлібек Дінішевке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Марапатты әншіге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Алматыға келген іс сапарында арнайы табыс етті. Президент өнер иесін 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, жарты ғасырға жуық атқарған қызметіне ризашылық білдірді. Айта кету керек, Әлібек Дінішев – Қазақстанның ғана емес, сонау Кеңес одағының кезінен бері опера саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан әнші. Бұған дейін ол 1979 жылы Қазақ КСР-нің Халық әртісі деп танылса, 2012 жылы Елбасының өзі әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағымен марапаттаған.
️