Солтүстік Қазақстан облысы аумағында бірнеше күнге созылған боран салдарынан көлік қозғалысы айтарлықтай қиындады. Жолда қалған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде барлық бағыттағы автожолдар уақытша жабылды. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жексенбі күні кешке жол қозғалысы тек полиция ұйымдастырған арнайы колонналар арқылы ашылған. Жүргізушілер жылдамдықты сағатына 80 шақырымнан асырмауға, сапты бұзбауға және басып озбауға міндеттелді. Колоннаны патрульдік көліктер облыс шекарасына дейін сүйемелдеп, көршілес өңір полицейлеріне тапсырды. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні полицейлер облыс аумағында 600-ден астам жеңіл автокөлікті алып жүрді. Қолайсыз ауа райы кезінде республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл жұмыс дүйсенбі күні таңертең де жалғасын тапты.
️