Qarakesek лақап атымен танымал әнші сотқа мәжбүрлеп жеткізіледі

18
18.02.2026 20:57

Ақтөбеде «Qarakesek» лақап атымен танымал рэп орындаушы Омар Амантаевтың үстінен сот басталды. Бірақ хитмэн алғашқы отырыстың өзінде заң алдында төбе көрсетпей, судьяны күттіріп қойды. Басында қорғаушысы арқылы «кешігіп келе жатырмын» деп хабар бергенімен, соңында сот залына мүлде келмеді. Бұл әрекетке қатысты төрағалық етуші судья шұғыл шешім қабылдады: енді әнші келесі отырысқа күзетпен мәжбүрлеп жеткізілмек. Еске салсақ, былтыр күзде ол есірткіге мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізу куәлігінен айырылған болатын. Енді оған «есірткі заттарын заңсыз пайдалану» бабы бойынша қылмыстық айып тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, Омар Амантаев 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегілуі немесе екі айға жуық уақытын темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін. Келесі сот отырысы 19-ақпанға белгіленді.