Жерлесіміз топ жарды. Ресейдің Уфа қаласында жастар арасында еркін күрестен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Мұнда 50-ден аса елден 1500-ге жуық жас балуан қатысуда. Олар 10 салмақ бойынша кіл мықтыны анықтамақ. Айтулы додада жерлесіміз Асылжан Есенгелді 57 келі салмақта бозкілемге шықты. Балуанымыз 3 кездесу өткізіп жұбаныш белдесуінде жеңіске жетті. Нәтижесінде, әзірбайжандық Нұраддин Новрузовты 12:6 есебімен жеңген Асылжан Есенгелді қола медаль еншіледі. 9 жасынан бастап осы спорт түрімен айналысатын жас спортшының бұл алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін де ол Азия чемпионаты, ел біріншіліктерінде алғашқы орындарды иеленіп келді. Жас спортшыны бүгін жерлестері ерекше құрмет көрсетіп, әуежайдан құшақ жая қарсы алды. Ел намысын қорғаған Асылжанға жанкүйерлері ризашылығын білдірді. Ал, жүлдегер алда үлкен додаларда топ жарып, көк туымызды биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатам - деп сенім білдірді.
️