Түркістан облысында жыл басынан бері 104 адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға жоғары. Дәрігерлер қауіпті індеттің алдын алу үшін тұрғындарды уақтылы медициналық тексеруден өтіп тұруға шақырады. Мамандардың дерегінше, биыл инфекция анықталғандардың 102-сі — Қазақстан азаматы, ал екеуі — шетелдік. Науқастардың жас ерекшеліктерін жіліктейтін болсақ, 40–49 жас аралығындағы азаматтардың үлесі басым болып отыр. Статистика бойынша вирус жұқтырғандардың 60,8 пайызы — тұрақты жұмысы жоқ азаматтар болса, 26 пайызы — еңбекпен қамтылғандар. Сонымен қатар науқастардың қатарында студенттер, зейнеткерлер мен әскери қызметкерлер де бар.