Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаз бойы май қорын жинап үлгермеген аюлар қыста қалың ұйқыға кетпеуі мүмкін. Себебі олар қоректенетін ағаштар, жидектер, кедр жаңғақтары аз өнім берген. Бұл жағдайдың арты қауіпке ұласа ма деген маңайдағы ауыл тұрғындары дабыл қағуда. Тұрғындар талай мәрте елдімекен маңайын аю кезіп жүргенін айтып шағымданған екен. Әсіресе Риддер, Серебрянск қалалары, Поперечное, Михайловка және Глубокое ауылдарының халқы түз тағысын көргендіктерін айтып, құзырлы органдарға жиі хабарласқан. Орман және аңшылық жедел әрекет ету жасағының инспекторы Вадим Литвиненко жануарлар мемлекет қарауында болғандықтан оларды түгелдей атып тастай алмаймыз дейді. Дегенмен, жарық пен қатты дыбыс арқылы ауыл маңынан алшақтатуға тырысатындарын жеткізді.
️