Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің киберқауіпсіздік жөніндегі отырысын өткізді

10
15.09.2025 20:22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиын киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Президент елімізді толық цифрлық мемлекетке айналдыру үшін кешенді шара қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның ішінде заманауи киберқатерлерге қарсы тұру, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау және азаматтарға арналған қауіпсіз цифрлық орта құру міндеттері қаралды. Президент киберқылмыспен, әсіресе кибералаяқтықпен күресті күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ киберқылмыстарды тергеуге қатысатын мемлекеттік органдардың құзыретін арттыруға, кадр даярлау жүйесін жетілдіруге назар аударды. Президент азаматтардың дербес деректерін қорғауды басты міндет деп атап, оларды заңсыз таратқаны үшін жазаны қатайту керектігін жеткізді. Сонымен бірге киберортадағы қауіпсіздік пен жауапты әрекет қағидаттарын халыққа кеңінен түсіндіріп, алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Отырыс соңында Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық тәуекелдерді азайтып, киберқауіпсіздікті жүйелі түрде нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берді.